Аудан әкімдігінде Теректі ауданы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерге мониторинг және талдау жүргізу бойынша жұмыс тобының есебі тыңдалды. Жиынға Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов, БҚО жер қатынастары басқармасы басшысы Мұрат Өміралиев және облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Аяжан Амангелдиева қатысты.

 

Мониторингтік топтың атқарған жұмысы туралы аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов баяндама жасады. Әкім орынбасары әр ауылдық округке жеке тоқталып, қандай қожалық қанша көлемді егістік жерлерін игермей отырғандығын жіпке тізді. Жұмыс тобы 213 жер пайдаланушыларға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде аудан бойынша 81,3 мың га жер игерілмей отырғандығы анықталған. Ержан Нұржанұлының айтуынша қожалықтар егістік жерлерді жайылымдық мақсатта қолданып отыр . Сонымен қатар, жерді тиімді пайдалану мәселесіне пандемия да өз кесірін тигізген.

 

Мысалы, Покатилов ауылдық округі бойынша «Жақсымбетов» жеке кәсіпкерлігі 4554 га жерді, «Сырым КЗ» шаруа қожалығы 2019 га жерді игермей отыр. Новопавлов ауылдық округіндегі «Новопавловка» шаруа қожалығы 980 га жерді, «Алтын дала» шаруа қожалығы 341 га жерді пайдаланбай отырғандығы анықталған. Аудан орталығы, яғни Федоров ауылдық округіндегі «Тау» шаруа қожалығы 1231 га жерді, «Кердері» шаруа қожалығы 1020 га жерді, «Атамекен» шаруа қожалығы 1050 га жерді тиімді пайдаланбауда.

 

Жиын барысында аудан әкімі Арман Кәрімұлы сөз алып, мониторингтік топтың жұмысын тоқтатпау керектігін айтты.

 

- Қожалықтармен жұмысты күшейту керек. Жерді неге игермей отыр, нақты себептерін айтсын. Одан кейін алдағы уақытта сол жерді игерудің жоспарын ұсынулары керек. Ауданға инвесторлар тартқымыз келеді. Бірақ беретін жеріміз жоқ. Бәрін қожалықтар иемденіп, не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді, -деді аудан әкімі өз сөзінде.

 

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өміралиев жұмыс тобының атқарған жұмысына жоғары баға берді.